Химия маманы: кен өндіру зауытында
Қазақстанда тау-кен өндірісі өте жақсы дамыған, көптеген зауыттар бар. Осы зауыттарда химиктер жұмысқа орналаса алады. Сол себепті химиктердің қызметі жайлы толық қарастырайық. Бұл мақалада Солтүстік Қазақстанда орналасқан алтын өндіретін зауыт қана туралы жазылған. Дегенмен кен өндіретін зауыттарда химиктердің жұмысы әдетте ұқсас болады.
Зауытта химиктер немен айналысады?
Кен өндіру зауыттары жер қойнауынан пайдалы металдар тауып, оларды сапалы өндірумен айналысады. Жер қойнауын зерттейтін геологтар күнделікті химиялық зертханаға кен сынамаларын әкеледі. Зертханада сол кеннің сапасы анықталады. Кеннің сапасы бірнеше қасиеттермен сипатталады. Мысалы, гравиметриялық анализдеу тәсілін пайдаланып кеннің құрамындағы алтын мен күмістің мөлшері, ал рентген-спектральды анализ арқылы мышьяк, сүрме, мыс сияқты басқа металдардың мөлшері анықталады. Кеннің сапасы не үшін анықталады? Геологтар бұлмалау және қазба жұмыстарын жүргізбес бұрын, сол территорияның қаншалықты алтынға бай екендігін анықтауы керек. Химиктердің анализіне сәйкес территорияда алтынның мөлшері жеткілікті екендігі анықталса, онда бұрмалау жұмыстарын бастай беруге болады. Ал егер ешқандай алтын табылмаса, онда ол территорияны бұрмалау қажет емес.
Зауытта зертхананың бірнеше түрі бар: талдау зертханасы, экспресс зертхана, аналитикалық зертхана. Зертхананың түріне байланысты химиктер түрлі анализдеу әдістерін қолданады. Кейбір әдістер нәтижені бір сағатта береді, басқасы 5-7 сағатта береді. Анализдеу кезінде химиктер сынаманы дайындайды, аспап және құрылғы көмегімен химиялық өлшемдер жүргізеді, есеп береді. Химиктердің жұмыс жасау реті бекітілген құжат бойынша орындалады, яғни химик сол құжатта сипатталған сатыларды сапалы орындауы керек.
Анализдің түріне байланысты кейде химиктер қауіпті реагенттерді (қышқылдар, сілтілер, улы заттар) пайдаланады. Сол себепті зауытта қауіпсіздік шаралары қарастырылған, арнайы нұсқаулықтар дайындалған. Жұмысқа жаңа орналасқандарға міндетті түрде қауіпсіздік ережелері үйретілді.
Оқу бітірген соң бірден жұмысқа тұруға болады ма?
Ия болады, химик білімі бар маман үшін зауытта жұмысқа тұру оңай. Ол үшін сұхбаттасудан (собеседование) сәтті өту керек. Бастапқы үш ай байқау кезеңі болып есептеледі, яғни бұл кезеңде маман жаңа жұмыс орнына үйреніседі. Жас маман тәжірибесі жоқ болғандықтан өзін сенімсіз сезінуі мүмкін, және бұл қалыпты жағдай. Зауытта барлығы үйретіледі, жаңа жұмысшы үшін тренингтер ұйымдастырылады. Сондықтан, бастысы еңбекқор болу керек.
Химик қанша айлық алады?
Тәжірибесі жоқ жаңа жас маман үшін айлық 60 000 тг-ден басталады. Кейін тәжірибе жинап, біліктілігін арттырған сайын айлық та артады. Оған қоса зауыт басшылығы бонустар мен премиялар да береді. Зертхананың түріне байланысты жұмыс режимі де өзгеріп отырады, яғни 8.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасау немесе кезекпен (түңгі кезек/күндізгі кезек) жұмыс жасау мүмкіндіктері бар.
Университетте қай мамандыққа оқу керек?
Негізінен, нақты университетке немесе мамандыққа қатысты талаптар жоқ. Органикалық, немесе бейорганикалық, немесе аналитикалық химия мамандығын бітіріп жұмысқа орналасуға болады, себебі жұмыс орнында пайдалынылатын негізгі химиялық әдістер барлық химия мамандықтарында оқытылады. Яғни, бастысы дипломда көрсетілген мамандық химиямен байланысты болуы керек. Жұмысқа тұрған соң бірнеше айдан кейін тез үйренісіп кетуге болады. Жұмыс орнында қолданылатын химиялық әдістер басынан үйретіледі, маңыздысы теориялық фундамент болуы керек.
Мансаптық өсу мүмкіндіктері қандай?
Зауытта химиктер үшін мансаптық өсудің жақсы мүмкіндіктері бар. Мысалы, лаборант болып жұмысқа орналасқан жас маман өзін жақсы қырынан көрсетіп, бір-екі жылдан кейін жоғары қызметке орналаса алады. Мансаптық өсу сатылы (мастер, химик-инженер, менеджер, бастық) жүреді, яғни сапалы еңбек етіп, қызметті де жоғарылатуға болады.
Басқа қандай қабілеттер керек?
Химияны білумен қатар басқа да қабілеттер болу керек. Соның бірі – ағылшын тілін білу. Зауытқа жылына бірнеше рет шет елден мамандар келіп тұрады, және сол мамандармен ағылшынша тіл табысып, тәжірибе алмасу арқылы жұмыста жетістіктерге жетуге болады.
Тағы бірі – мұқияттылық. Жаңа жұмысқа орналасқандар енді-енді үйренісіп жүргенде химиялық анализдерді аса ұқыптылықпен, мұқияттылықпен орындауы керек, жауапкершілікті сезінуі керек. Көптеген қате мұқият болмаудан туындайды.
Сонымен қатар компьютермен еркін жұмыс жасай білу маңызды. Microsoft Excel, Word, Outlook сияқты қарапайым бағдарламаларды жетік біліп, басқа да күрделі бағдарламаларды үйренуге дайын болу керек.
Жұмыс орны шарттары қандай?
- Егер зауытқа орналасқан жас маман басқа қаладан келсе, онда ол маманды зауыт басшылығы баспанамен қамтамасыз етеді.
- Әдетте зауыттар қала шетінде орналасады, сондықтан үй мен зауыт ортасында жұмысшылар тегін жеткізіледі
- Зауытта жұмысшылар тегін тамақтандырылады
- Мерекелік шаралар ұйымдастырылып тұрады
- Кейбір дүкендерге жеңілдіктер беріледі
Қорытындылай келе, химияға қатысты мамандықты оқып бітіргендер үшін кен өндіру зауыттарында жұмыс бар. Тәжірибесі жоқ түлектер де орналаса алады, себебі зауытта барлығы үйретіледі. Бастапқы уақытта айлығы аз болса, уақыт өте келе еқбекқорлықтың арқасында жоғары қызметтерге орналасуға болады. Басқа әріптестермен тіл табысып, зауыттың дамуына үлес қосу керек.