Химиядан ҰБТ-ға дайындалу тәжірибем. «Алтын белгі» иегері
Достар, өзімнің ҰБТ-ға қалай дайындалғаным жайында сіздермен бөлісейін. Бірнеше пайдалы ережелер де жаздым. Мен ҰБТ-ны 2010 жылы тапсырғанмын, және ол кезде басқаша болатын. Бес пән (математика, тарих, қазақ тілі, орыс тілі, таңдау пәні), әр пәнде 25 сұрақ, жалпы 125 cұрақ. Менің баллым 121 болатын. Химиядан 25/25. Сол себепті сендер де xимиядан жоғару балл алуға көмектесетін 8 ережемен бөлісейін. Бұл ережелерді басқа пәндер үшін қолдануға болады.
Бірінші ереже — барлық сабақтарды басынан бастап қайтала. Мен жаппай дайындықты 10 класстан кейін жазғы демалыс кезінде бастадым. Барлық пәндерді, xимияны да басынан бастау керек. ҰБТ сұрақтары тек мектеп кітаптарынан келеді, сондықтан сол кітаптарды алып, конспект жазып бастау керек. “Мен сілтілік металдар тақырыбын білемін, бұл тақырыпты оқымасам да болады” деуге болмайды, себебі ҰБТ кезінде әдетте көңіл бөлмеген тақырыптардан сұрақтар келіп қалады.
Екінші ереже — өзіңе ұнайтын, көмектесе алатын репетитор таңдай біл. Химиядан репетиторлар көп, бірнешеуін байқап көр. Химиядан 10 кластың соңында 25 сұрақтан 12-14 балл алатынмын. Сондықтан, репетитордың көмегіне жүгінуді шештім. Қаладағы ең жақсы деген репетитордың нөмірін тауып алып, үйі алыстау болса да сол кісінің үйіне барып жүрдім. Бірақ 2-3 сабақтан кейін ол кісі маған көмектесе алмайтынын анықтадым. Ол кісі кітапты ашып қойып, маған жай ғана тақырыптарды оқып беретін. Маған ондай тәсіл ұнамады. «Неге сіз маған кітапты оқып беріп отырсыз, мен оны өзім де оқи аламын, маған неге түсідірмейміз» дегенде, «Сен қыз, немене, кіп-кішкентай болып маған қалай сабақ беруді үйретесің. Оқығың келмей ма, оқыма» деп, үйінен қуып жіберді. Сөйтіп, басқа репетитор іздеу керек болды. Таптым. Қуанышыма орай, ол кісі химияны жақсы түсіндіретін болып шықты. Сұрақтарыма оңай тілмен жауап беріп, нәтижемді жақсартты. Дегенмен, ол кісі де толықтай көңілімнен шықпады, себебі сабақ уақытын жиі ауыстыратын, және кейде тіпті ескертпейтін. Сондықтан бірнеше репетитормен байқау сабақтарын өтуге болады. Репетитор қымбат болса, онлайн курстарға немесе топтық сабақтарға жазылуға да болады.
Үшінші ереже — оқығандарыңды бір-бірімен байланыстыруды үйрен, себебі бір бөлігін ұмытып қалсаң, екіншісі арқылы еске түсіре аласың. Кітаптан конспект жазғанда тақырыптарды бір-бірімен байланыстырып, сxемалар сызып, суреттер салу керек. Сол кезде түсіну, жаттау оңайланады. Тақырыптарды бір-бірімен байланыстыру органикалық xимияны оқығанда өте маңызды, себебі органикалық заттар бір-бірімен тығыз байланысқан, бірін білсең келесісін сxема арқылы еске түсіруге болады.
Төртінші ереже — кейде репетиторға барудың қажеті жоқ, мектеп мұғалімдерінен де көмек сұрауға болады. Байқау тесттер бойынша күнде дайындалып, білмегенімді мектептегі мұғалімнен немесе репетитордан сұрайтынмын. Үлкен көмек мектеп мұғалімімнен болды. Мектепте химия тапсырушы екі оқушы ғана болғандықтан, ол кісі өзінің бос уақытында бізге барынша көмектесетін. Кей оқушыларға xимия мұғалімі ұнамайды, бірақ меніңше xимия мұғалімімен дос болу керек, себебі сенің xимиядан жоғары балл алуың сол кісі үшін де маңызды. Бірақ қайта-қайта мазалау дұрыс емес, тек нақты сұрақпен бару керек.
Бесінші ереже — периодтық кестені барынша пайдалана білу. Мен үшін КЕРЕМЕТ шпаргалка — периодтық кесте болды. Сол кестені барынша пайдалануға тырыстым. Сілтілік металдар, сілтілік жер металдар, галогендер деген топтардың атауын жазып, ерігіштік кестеде қышқылдар мен тұздардың атын жазып коятынмын. Кестеге бейорганикалық заттардың агрегаттық күйлерін, изотоптарды, аллотропиялық түр өзгерістерді, тағы басқаларын да жазып қоюға болады. Бос орындарға кейбір қиын органикалық заттардың формуласы мен аттарын жазып қойдым. Мүмкін ҰБТ кезінде ондай кесте алып кіргізбейді десеңдер, дайындық кезінде жазып алған дұрыс, себебі солай тез жатталады.
Алтыншы ереже — бірге дайындалатын дос тауып ал. Біріңе бірің серік болып, дайындық процесі қызықтау болады. Айтып кеткендей, менің мектебімде химия таңдаған екі оқушы болды. Сол екеуміз жақсы достар болып, бірнеше сабақтардан бірге дайындалдық. Бір-бірімізге түсіндіріп, күнде жаттағанымызды тексеріп жүрдік. Сабақтан кейін мектепте қалып, бос кабинетте кешке дейін отыратынбыз.
Жетінші ереже — ата-анаңмен, үйдегілермен келісіп ал. ҰБТ сенің өміріңдегі маңызды этап, сондықтан олар қолдай білу керек. Егер дайындалуға уақыт керек болса, түсіндіріп айт. Ата-атамнан үлкен қолдау болды. Мамам маған үйге қатысты ешқандай іс бермейтін. Үй жинау, ыдыс жуу, кір жуу дегендерді өзі немесе сіңілім жасайтын. Ал олар үй жинап жатқанда мен әрине дайындалуым керек болды. Дайындалмасам, олар ренжитін.
Сегізінші ереже — тек ҰБТ үшін оқыма, сол білім кейін де керек болады. Жалпы, мен үшін 11 класс түгелдей дайындықпен өтті. Тек ҰБТ үшін ғана емес, өзім үшін оқыдым, себебі келесі этап — жоғарғы оқу орны. Ол жақта мектеп деңгейінен жоғары материалдар қарастырылады, сондықтан барлығын ұмытып қалмайтындай оқуға тырыстым. Менің байқағаным, көптеген оқушылар ҰБТ-дан кейін оқығанның барлығы керек болмайды деп ойлайды, бірақ олай ойлау қате. ҰБТ-ға дайындық кезінде сендер мектеп бағдарламасын толықтай түсініп, есте сақтауға тырысасыңдар, және бұл университетте міндетті түрде өз пайдасын әкеледі.
Менің тәжірибем осы. Айтарым, ҰБТ үлкен еңбекті, уақытты және психологиялық дайындықты қажет етеді. Дегенмен, өмірде мұндай жағдайлар жиі болады, және осы бастан өзіңді тұлға (личность), азамат ретінде сезініп, дайындыққа ойынсыз қарауың керек деп ойлаймын. Барлықтарыңа сәттілік тілеймін 🙂
2 Comments
Барлығын оқып шықтым.Пайдасы тиер деген үміттемін.Дария апай сізге көп-көп рахмет.Әрдайым маңызды,керек, пайдалы деген посттармен үнемі қуантып отырасыз.Және вкадағы группаңызды үнемі қарап, өзіме қажет көптеген ақпараттарды алып отырамын.Еңбегіңіздің жемісін көріңіз❤.
Өте керемет бізге де жоғары балл алу бұйырсыын ИнШа Алла🤲